Мәдениет

Ақтөбесін ән-жырымен айналған…

Ақтөбедегі «Геолог» мәдениет үйінде ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі  Гүлсамал Аймаханованың «Ақтөбесін ән-жырымен айналған ақын» атты шығармашылық кеші өтті.

Ақын жырларының басты тақырыбы — туған жер, оның әсем табиғаты, елін, жерін сүйген жандардың ерлігі мен жасампаз еңбегі. Ол осы тақырыптардағы көптеген әндерге мәтін де жазған. Бүгінге дейін «Еңлікгүл», «Көкемарал» жыр кітаптары жарыққа шықты.

Оқырмандар оны журналист, аудармашы ретінде де жақсы біледі.

Кешке жиналған жұртшылыққа Гүлсамал Аймаханованың жырларын жас оқырмандар ұсынды. Жырмен қоса, әсем ән де ұсынылды. Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншілері, «Геолог» және К.Нокин атындағы ауылдың Мәдениет үйлерінің шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздары өнер көрсетті.

Биыл ақын мерейлі жасқа толады. Осыған орай кеште Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаттары,  облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Ысқақов, «Геолог» мәдениет үйінің директоры Сағынтай Ахметұлы, т.б. құттықтау сөз сөйлеп, ақынға шығармашылық табыстар тіледі.

Гүлсамал Аймахановаға облыстық тілдерді дамыту басқармасынан, бірқатар мәдениет мекемелерінен алғыс хаттар табысталып, сый-сияпат көрсетілді.

 А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button